Аннотация: Бүгінгі таңда көптеген әртүрлі бағдарламалау тілдері бар. Олардың кейбіреулері танымал, басқалары соншалықты танымал емес. Әдетте, тілдің танымалдылығы оны өз жұмысында тұрақты түрде қолданатын бағдарламашылар санымен немесе бағдарламашы қызметкерлерін іздейтін жұмыс берушілердің сұраныстарымен анықталады.
Соңғы жылдары Python бағдарламалау тілі сұранысқа ие тілдердің алдыңғы қатарында болып отыр. Кейбір сауалнамаларға сәйкес, Python тілі қазірдің өзінде жетекші орынға ие. 2021 жылдың соңында бұл тілді 11,3 миллионға жуық бағдарламашылар бағдарлама жазуда пайдаланған. Тіл мобилді және жұмыс үстелдері қолданбаларын құруда қолданылады, кейінгі уақытта негізінен деректерді өңдеу, машиналық оқыту салаларында қолданыс табуда. Осындай бағыттарда бағдарламалау үшін Python тілін неден бастап оқу керек? Python тілін алдымен тілдің синтаксисінен бастап, өңдеудің базалық ұғымдарын меңгеру керек. Оқу құралы Python тілінің негізін, программалаудың құрылымдық тәсілін меңгеруге арналады.
Оқу құралының мақсаты – Python тілінде бағдарламалауға үйрету болып табылады.
Еліміздің жаңартылған білім беру мазмұны бойынша негізгі орта білім беру деңгейіндегі 5-9 сыныптарға арналған «Информатика» пәнінің үлгілік оқу бағдарламасы бойынша мектептерде Python тілі оқытатыны бәрімізге мәлім. Сәйкесінше мектеп мұғалімдерін дайындауға арналған Информатика, математика және информатика, физика және информатика білім беру бағдарламаларының оқу бағдарламаларында Python тілі бар. Ұсынылып отырған оқу құралында оқу бағдарламаға сәйкес тақырыптар толық қарастырылған.
Оқу құралында Python тіліндегі объектілердің негізгі типтері, оларды құру реті және олармен әрі қарай жұмыс істеу сипатталады, тілдің негізгі процедуралық элементі – функциялар туралы айтылады, негізгі деректер құрылымдарын құру жолдары, оларды өңдеуге арналған амалдар мен әдістер қарстырылады. Әр тараудан кейін материалды бекіту үшін бақылау сұрақтары және практикалық тапсырмалар берілген.
Тәжірибе көрсеткендей, әртүрлі бағдарламалау мен тәсілдерді жеңіл меңгерудің жолы – теориялық материалдарды мысалдармен көрнекі ету болып табылады, дәл осындай әдіс осы кітапта қолданылады.
Оқу құралының құрылымына тоқталатын болсақ, алғашқы тарау Python тілінің шығу тарихына, тілдің ерекшелігіне, программалау режимдеріне арналады.
Тілдің мәліметтер типтері, негізгі операторлар екінші және үшінші тарауларда берілген.
Python тілінің басқарушы құрылымдары төртінші және бесінші тарауларда қарастырылады.